28 қаң, 2019 сағат 17:22

Бразилияда бөгет бұзылуынан 58 адам қаза тапты

Брумадиньо қаласына жақын бөгет 25 қаңтар күні бұзылған. Ол металлургиялық өнеркәсіп қалдықтары бар суды тежеп тұрған. Нысанның не себепті жарылғаны әзірге белгісіз. Алайда, апат болатын сәтте ескерту жүйесі істемей қалғаны хабарланды. Сел шахталарды шайып, үйлерді және жүздеген жұмысшы тамақтанып отырған асхананы шайып кетті.

Кейбір жерлерде селден қалған лай қабаты 15 метрге дейін жетеді. Бразилия құтқарушыларына Израильден инженерлер, дәрігерлер мен әскери сүңгуірлер көмекке барды. Іздеу-құтқару шаралары басталғаннан бері 200-ге тарта адам құтқарылды.

Тау-кен кешеніне иелік ететін Vale компаниясы барлық тиісті қауіпсіздік шараларын орындағанын айтады. Алайда, Бразилия билігі компанияны "салақтық пен біліксіздік танытты" деп айыптап, жалпы сомасы 3 миллиард долларға жуық активін бұғаттады.

Vale компаниясының тау-кен өнеркәсібі кешенінде осымен екінші рет қайғылы оқиға болып отыр. 2015 жылы компанияның Самарко кенішіне жақын бөгеті жарылып, 19 адам қаза тапқан.