Бразилия үкіметі Амазониядағы алапат орман өртін сөндіруге «Үлкен жетілік» ұсынған қаржыдан бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ВВС-ге сілтеме жасап.
Франция президенті Эммануэль Макрон «Үлкен жетілік» Бразилияға 22 млн доллар ұсынуға әзір екенін білдірген болатын. Бірақ Бразилия билігі көмектен бас тарту себебін түсіндірген жоқ.
Бразилия қорғаныс министрі Амазониядағы өрт бақылауда екенін айтты. Ал Бразилия президенті әкімшілігінің басшысы Оникс Лорензони Globo-ға берген сұхбатында: «Рахмет, әрине, бірақ бұл қаражатты Еуропадағы ормандарды қалпына келтіруге жұмсаған дұрыс еді», - деген.
Бразилияда жалын құшағында қалған орман аумағы рекордтық деңгейге жеткен. Өткен аптада Макрон Амазония апатын халықаралық дағдарыс деп сипаттады.
Өткен аптада билік өртті сөндіруге армияны жұмылдырды. 44 мың әскери қызметші Амазония аймағына жіберілген.
Бразилияда қазір құрғақ маусым. Бұл кезде Оңтүстік Америкада жыл сайын орман өртенеді. Бірақ биыл тілсіз жау былтырғдан 85% үлкен аумақты жалмап отыр. Оны спутниктен алынған суреттер де көрсетті.
Айта кетейік, Жер бетіндегі ең ірі тропикалық орман осы Амазония аймағында. Орман бірнеше елдің аумағын қамтиды, бірақ көп бөлігі Бразилияның үлесінде.
Амазонияның Жердегі климатты сақтаудағы орны орасан зор. Ну орманның көміртегіні жұтып, оттегі шығаратын қасиетіне бола ғалымдар оны «Ғаламшардың өкпесі» деп атайды. Мұнда өсімдіктер мен жануарлардың үш миллионнан астам түрі бар, бұдан бөлек, миллионға жуық байырғы халық өкілдері де осы орманды мекендейді.
Дүйсенбі күні голливуд актері Леонардо Ди Каприо Амазониядағы орман өртін сөндіруге 5 млн доллар бөлетінін мәлімдеді.