Бұл туралы Бразилияның СІМ Алоизио Нунес Феррейра Қазақстан мен Бразилия сыртқы істер министрлерінің БАҚ өкілдеріне арналған брифингінде айтты, деп хабарлайды "Baq.kz".
Бүгін Астанаға Бразилия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрі Алоизио Нунес Феррейра ресми сапармен келді.
Брифинг басында Қазақстан СІМ Қайрат Әбдірахманов Қазақстан мен Бразилия қарым-қатынасының маңызды тұстарын атады.
Бразилияның СІМ Алоизио Нунес оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары Бразилия мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға дәлел екенін айтты.
«Осы жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Бразилия дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жыл толуын атап өтті. Осы уақыт ішінде мемлекет басшылары деңгейінде бірнеше сапар болды. Сонымен қатар, Бразилияның әділет министрі Астанаға келгенде екіжақты үш құжатқа қол қойылды. Сотталғандарды беру, экстрадициялау туралы және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімдер жасалды. Енді мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрімен кездесемін. Біздің сауда қатынасымыздың болашағы зор», - деді ол.
Алоизио Нунес Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты инвестиция көлемін 1 млрд долларға жеткізгісі келетінін мәлімдеді.
«Біз елдер арасындағы сауда айналымын белсенді қылу үшін бірге жұмыс істеуге ниеттіміз. Инвестицияның екіжақты ағымын белсенді етіп, млрд долларға дейін жеткізе аламыз. Екі ел экономикасы қарқынды дамып жатыр, сондықтан Қазақстан мен Бразилия іскер өкілдері арасындағы дамуды жалғастырамыз. Қазақстан президенті өз жолдауында айтқандай, Қазақстанның алға қойған мақсаттары жоғары. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретіндегі екі жыл ішінде конструктивтік әрекеттерін атап өткен жөн. Қазақстан мен біздің ядролық қарудан бейбіт әлем құру позициямыз ұқсас. Біз өзара әрекеттестігімізді және түрлі бағыттағы екіжақты қатынасымызды кеңейтуге ниет білдіреміз», - деп қорытындылады бразилиялық министр.
Кеше СІМ Қазақстанның Бразилия Федеративтік Республикасындағы елшісі Қайрат Саржанов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізген болатын. Брифинг Қазақстанға ресми сапармен келетін Бразилияның СІМ Алоизио Нунестің алғаш рет ресми сапармен келуіне орай «Қазақстан мен Бразилия арасындағы ынтымақтастық жайы және перспективалары» тақырыбында өтті.
Айта кетейік, 28 қазанда Бразилияның жаңа президенті болып Жаир Мессиас Болсонару сайланды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдаған болатын.
1 қарашада Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Алоизио Нунеса Феррейра Қазақстан Республикасына ресми сапармен келеді.
Елші брифинг барысында Бразилияда есірткімен ұсталған қазақстандықтар жайлы айтты және Қазақстан мен Бразилия арасында 2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығында тауар айналымы 82,3 млн долларды құрағанын мәлімдеді.
Бразилиялық Embraer компаниясы әлемде жолаушылар тасымалдайтын ұшақ шығаратын компания ретінде танымал. Елшінің айтуынша, Эйр Астана осы компаниядан келесі жылы 5 ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр.
Елші қазақстандықтар Латын Американың бірнеше еліне визасыз кіруі мүмкін екенін мәлімдеді.