29 қар, 2021 сағат 13:05

Браконьерлер мемлекетке 21 млн теңге шығын әкелді


Браконьерлік жасаған 3 мыңнан астам адам ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз дайындалған 227 текше метр ағаш, 9,8 тонна балық, оның ішінде 1,5 тонна бекіре, 17 киік мүйізі, 462 құқық бұзушылық жасалған қару, оның ішінде 142 бірлік аңшы мылтығы тәркіленді. Аталған фактілер бойынша экологиялық заңды бұзуға қатысты 120 сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді ресми өкіл ІІМ баспасөз алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, әкімшілік жауапкершілікке 3 мыңнан астам құқық бұзушы тартылған. 

«Заң бұзу фактілері бойынша мемлекетке келген шығын сомасы 21 млн теңгеден асып түседі. Мәселен, Ақтөбе облысында Қызыл кітапқа кіретін қарағашты заңсыз кескен азамат ұсталды. Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалығының жұмысшысы киік өлтірген», - деді Нұрділдә Ораз.