27 қаз, 2016 сағат 13:01

Бозымбаев жыл соңына дейін Қашағанда қанша мұнай өндірілетінін жариялады

- Жыл соңына дейін Қашағанда бір млн. тонна мұнай өндіріледі. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында тілшілерге берген сұхбатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қашағанды іске қосу 23 қазанға жоспарланған еді. Алайда, кен орнынан алғашқы экспорттық мұнай қазанның бірінші жартысында жіберіле бастады. Әрине, қазіргі кезде ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Жалпы, мұнай тұрақты түрде құбыр жүйесіне бағытталып жатыр. Техникалық кемшіліктер бар, яғни бұндай жағдайлар осындай ірі кен орындары іске қосылған кезде болатыны түсінікті. Дегенмен, үлкен проблемаларды байқап отырғанымыз жоқ»,-Бозымбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қашағанда 120 мың тоннадан астам мұнай өндірілген. Сонымен қатар газ да «ҚазТрансГаз» құбырларына жіберілді. «ҚазТрансОйл» АҚ және Каспийлік құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспорттық операциялар іске асырылуда.

«Жылдың соңына дейін тек Қашағаннан ең аз дегенде орташа есеппен 500 мың тонна, ал егер ретке келтіру жұмыстары ойдағыдай болса, онда 1 млн. тонна мұнай өндіру жоспарда бар. Жалпы, бірінші кезеңде бұл жақсы көрсеткіш болып саналады»,-деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 14 қазанда Энергетика министрлігі Қашағаннан алғашқы мұнай партиясы экспортқа жіберілгенін хабарлаған болатын. Сол кезде Каспийлік құбыр консорциумы (КҚК) іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясы жөнелтілгені айтылды. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді.

2016 жылдың 28 қыркүйегінде Солтүстік Каспий консорциумы теңіздегі және жерүсті кешеніндегі жабдықтарды тестілеу және іске қосу-баптау жұмыстарына кірісті.

«А» аралының бірнеше ұңғымалары ашылды. Теңіз кешені жабдығының жұмысын тұрақтандырған соң, мұнай және газ «Болашақ» зауытына келіп түсті.

Қазіргі уақытта теңіздегі және жерүсті кешеніндегі жабдықтарды іске қосу-баптау, бақылау-өлшеу аспаптарын және технологиялық процестерді басқарудың автоматты жүйелерін тестілеу жалғастырылуда. Тұрақты жұмыс режиміне шығу біршама уақытты қажет етеді.