02 қаз, 2018 сағат 16:24

Бозымбаев: Таяу уақытта көрші елдерге бензин экспорттай бастаймыз

Қазақстанның ірі мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл туралы бүгін Бүкіләлемдік мұнай кеңесі отырысында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елді отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге ұмтыла отырып, біз Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырттық. Жаңғырту нәтижесінде жергілікті нарықты отандық жанармаймен 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкіншілігіне қол жеткіздік. Зауыттарымыз К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сай келетін жанар-жағармай материалдарын өндіретін болады. Енді мегаполистер мен өңірлердің экологиясына жүктеме азаяды», - деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, мұнай өндіру мен мұнай өнімдері өндірісі өсімінің арқасында еліміздің ішкі нарығында жанар-жағармайдың артылып қалу жағдайы алғаш рет болып отыр. Алдағы уақытта көрші елдермен қажетті келісімшарттар жасалғаннан кейін артық бензин экспортқа шығарылатын болады.

«Таяу уақытта цифрландыру аясында Атырау мен Шымкент мұнай өндіру зауыттарында техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды жөндеу жөніндегі жоба енгізілетін болады. Бұл жүйе профилактикалық қарау және жөндеу жұмыстарын басқаруға, сонымен қатар МӨЗ-дерді пайдаланудың кемінде 3 жылдық жөндеуаралық кезеңіне көшуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, аталған жобаның арқасында жабдықтардың сенімділігі 8-10 пайызға артып, жөндеу жұмыстарына кететін шығындар 10 пайызға төмендейді. Бұған қоса, күрделі жөндеу жұмыстарына тоқтатылудың болмауына байланысты орташа есеппен жылына қосымша 300 мың тонна мұнай өңделетін болады.