01 қар, 2016 сағат 23:11

Бозымбаев: Қашағаннан мұнай өндіруді шектеу туралы сөз мүлдем болмауы тиіс

Қашағаннан мұнай өндіру көлемін шектеу туралы сөз мүлдем болмауы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біздің үлесіміз тым аз. Егерде, әлемде тәулігіне 34 млн. баррель мұнай өндірілсе, ондағы Қазақстанның үлесі не-бәрі 1,5 млн. баррель ғана. Біздің (мұнай өндіру көлемін) қысқартқанымыз немесе арттырғанымыз айтарлықтай үлкен рөл ойнамайды», - деді Бозымбаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Министрдің дерегіне сәйкес, әлемде мұнай өндіру көлемі бойынша алдыңғы орында Сауд Арабиясы мен Ресей Федерациясы келе жатыр.

«Міне, осылар бір шешімге келуі тиіс. Олардың әрқайсысы тәулігіне 10 млн. баррельден астам мұнай өндіреді. Олар өздерінің кесімді пікірлерін бідіруі тиіс, барлық өндірілетін көлемнің 60 пайыздан астамы осы елдерге тиесілі. Мұнан бөлек, тәулігіне шамамен 4 млн. баррель өндіретін Иран, Парсы шығанағының өзге де елдері, Бразилия, Мексика бар. біз келіссөздердің барлығына да байқаушы ретінде қатысудамыз», - деді министр.

Сонымен бірге Бозымбаев 28 қыркүйекте Қашағаннан мұнай өндіру басталғанын еске салып өтті. 

«Қашағаннан мұнай өндіру көлемін шектеу туралы мүлдем сөз болмауы тиіс. Өйткені, міндеттеме бар, көп қаржы салынды, мұны ешкім де шектемейді», - деді ол.