15 қар, 2018 сағат 14:32

"Дизель отыны мен бензиніміз Ресейге кетіп жатыр" - Бозымбаев

Бүгін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жанар-жағармай материалдары бағасын белгілеу бойынша жиын өткізді. Ол Ресей Федерациясының шекара нарығында дизельді отын мен бензинді тұтыну көлемі күрт артқанына алаңдайтынын жеткізді.

«Отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың арқасында бүгінде ішкі тұтыну толықтай қамтылды. Бүгін елімізде мұнай базасындағы қор үлкен, 352 мың тоннаны құрайды. Жыл басымен салыстырғанда мұнай бағасы өссе де бөлшек бағада бензиннің литрі 160-155 теңге дейін төмендеді», - деді министр.

Ол дизель отынының нарықтағы бағасы туралы да айта кетті.

«Екінші жарты жылдықта дизель отыны бағасының өсуін байқап отырмыз. Бұл объективті, субъективті себептерге байланысты: дизель отынын тұтыну маусымы, жыл сайын болатын ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жинау жұмыстары. Дизельді отынға транзитті автокөліктер сұранысы артып отыр, еліміздегі жанармай құю бекеттерінде басқа елдермен салыстырғанда баға төмен. Мысалы, Ресей Федерациясымен салыстырғанда жанармай құю бекеттеріндегі баға алшақтығы 55-60 тг/л тұрады. Жаңа жылдан кейін бұл алшақтық артады деген қауіп бар», - деді Бозымаев.

Министрлік қараша айында дизель отынының бағасы төмендейді деп күтілгенін атап өтті. 1 қарашада дизельдің акциз мөлшерлемесі 549 мың 300 теңгеден 540 мың теңгеге дейін төмендеген.

«Ресей Федерациясының шекара нарығында дизельді отын мен бензинді тұтыну көлемі күрт артты. Бүгінде 3 млн халық өмір сүретін Түркістан облысы мен Шымкент қаласын 700-800 мың адам өмір сүретін БҚО мен Қостанай облыстарымен салыстыратын болсақ, соңғы екі облыс оңтүстікпен салыстырғанда дизель отыны мен бензинді әлдеқайда көп тұтынады. Яғни, шетелге кетеді деген сөз. Ресей Федерациясына ауыр жүк машиналарымен жеткізіледі. Олар өздеріне қосымша бак қондырып алады. Мұндай фактілер бар. Шекарамыздың кең екені түсінікті. Премьер-министрге осы фактілерді баяндадым. Егер Ресейде баға өсетін болса, ол жаққа елімізден бәрі жеткізілуі мүмкін. Сол себепті бұл мәселені шекарамызда қадағалауымыз керек. Премьер-министр өзінің орынбасары Досаевқа тапсырма берді. Әріптестер, сіздермен бірге нарығымызды қорғау туралы ұсыныстарды талқылап, оларды жұма күні Үкіметке баяндаймыз. Бұдан басқа жол жоқ», - деді Энергетика минитсрі.

Ол бұл мәселені бағаны Ресейдікіндей көтеру арқылы шешу жолы барын, бірақ бұл мүмкін емес екенін айтты. Яғни дизель отынын 250 тг, бензинді 240 теңгеге дейін көтеру – бос қиял.

«Бірінші нұсқа бойынша жұмыс істейтін боламыз. Сол кезде жанармайды өз шекарамызда тұтынатын боламыз. Дизель отынының бағасын төмендету ауқымды желілердің ғана емес, сондай-ақ жанармай құю бекеттерінің қожайындарына да қатысты. 1 қарашада дизель отыны акцизі төмендеді. Сол себепті барлық жанармай құю бекеттері дизель отынына адекватты баға қою шараларын қабылдау қажет. Көтерме сауда компаниялары да бағаны төмендетуі тиіс. Біз бағаны нарық реттейтінін түсінеміз. Дизель отынының бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді. Сіздердің істеріңізге біз кірісе аламыз, қандай да бір өтініш жасай аламыз. Себебі егер біз көмектеспесек алдағы уақытта шекарада сіздерде проблема болуы мүмкін», - деп ескертті Бозымбаев мұнай өнімдерін өндіретін және сататын компания иелеріне.