26 сәу, 2022 сағат 13:55

Бозымбаев "Алтын Орда" базарына жүргізілген тексеріс туралы айтты


Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев "Алтын орда" базарында тексеру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, базарда санитарлық, экологиялық, құрылыс, төтенше жағдай нормалары бұзылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бозымбаев кәсіпкер Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында президент екі ай бұрын берген тапсырманың қалай орындалып жатқанын айтты.

"Алтын орда" базарына екі ЖШС мен бір ЖК иелік етеді. Жалпы алғанда барлығы Болат Назарбаевтың (Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі – Sputnik) отбасына тиесілі: ұлы, туыстары басқарады. Екі ай бұрын президент базарда тәртіп орнату бойынша тапсырма берді. Өкінішке қарай біз оның ішіне бірден кіре алмадық, себебі ол жерді басқаратындардың бәрі шағын және орта бизнес деп көрсетілген. Схема солай құрылған. Ал бізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілген. Артынан базардың көптеген жеке кәсіптен құралғанына қарамастан, оның шағын және орта бизнес емес екенін дәлелдедік", - дейді Бозымбаев.

Айтуынша, елдің жаңа бас прокуроры Берік Асылов жағдаймен танысқан. Артынша тексеру жүргізуге рұқсат берген. Базардың жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары, сәулеттік қадағалау, экологтар, салық бойынша мамандар тексерген.

"Алдын ала қорытындысы шықты, акт жасалған жоқ. Тексеру барысында көптеген бұзушылық анықталды. Санитарлық, экологиялық, құрылыс, төтенше жағдай нормалары бұзылған. Мұнда тиісті заңның бәрі бұзылған, ішінде миграциялық заңнама да бар. Жақында тағы бір рейд жүргіздік, заңсыз жүрген 250 мигрант анықталды. Сондықтан бұл базарда сөзсіз тәртіп орнату қажет", - деді облыс әкімі.

Оның сөзінше, базар аумағында нысандардың тең жартысы заңсыз тұрғызылған.

"Ең бастысы монополиясыздандыру. Базарға иелік ететіндер акция бойынша келісімге келген соң оларға талап қоямыз. Біріншісі, Алматы облысында, Жамбыл облысында, Түркістан облысында, жақын маңдағы Қарағанды облысында азық-түлік өндіретін барлық ірі шаруа қожалықтары бұл базарға ене алуы керек. Келді, қолында құжаттары мен тауарының сертификаты дұрыс болса, базарда орын немесе павильон алып, сауда жасай алуы керек. Екіншісі, ірі импорттаушылар. Бізге кей тауар Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістаннан әкелінеді. Тіпті Эквадордан да жемістер жеткізіледі. Ірі импорттаушылар да базарда сауда жасай алуы керек. Бұл тауардың бірнеше қолдан өтпей, баға қымбаттамауы үшін қажет", - дейді Қанат Бозымбаев.

Әкімнің сөзінше, осы бастамалар жүзеге асады. Қажетті нормативті база әзірленіп жатыр. Бозымабевтың сөзінше, келешекте "Алтын орда" базары ірі көтерме логистикалық орталық ретінде жұмыс істеуге тиіс.

Айта кетері, Мемлекет басшысы 2022 жылдың 8 ақпанында екі айдың ішінде базарларды делдалдардан тазартуға тапсырма берді.

"Сауда-саттықта делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне "Алтын орда" базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз "майшелпекке" айналған", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Тоқаев қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалысу қажет екенін айтты.