Боливия полициясы президент қызметінен кететіні жайлы хабарлаған Эво Моралеске іздеу жариялады. Бұл ақпаратты Боливия оппозициясы жетекшілерінің бірі Луис Фернандо Камачо твиттер әлеуметтік желісі арқылы таратты.
Оның жазуынша, "полиция мен әскер Моралесті Чапар провинциясынан іздеп жатыр. Президенттің Боливия астанасы Ла-Пастан шыққан ұшағы қолға түскен".
Моралес өзін қамауға алу жайлы ордерді заңсыз деп атады. "Қылмыскерлер үйіме шабуылдады. Төңкеріс заң үстемдігіне нұқсан келтірді", - дейді ол твиттер парақшасында.
Мексика Сыртқы істер министрі Марсело Эбрард Мексиканың Моралеске баспана беруге дайындығын білдірді.
Боливия Президенті Эво Моралес жаппай қарсылықтан кейін президент сайлауын қайта өткізуге уәде берген және президент қызметінен түсетінін жариялаған.
Моралестен кейін вице-президент Альваро Гарсиа-Линер, Боливия парламенті екі палатасының төрағалары, бірқатар министрлер мен орынбасарлары және губернаторлар орнынан кеткен. Мұнан өзге полиция Жоғары сайлау сотының (сайлау комиссиясы) төрағасы мен орынбасарын қамауға алған. Олар "20 қазандағы президент сайлауында заң бұзуға қатысты" деп айыпталып отыр.
Оппозиция қарсылығы сайлау комиссиясы 20 қазандағы президент сайлауының қорытындысын жариялағаннан кейін басталған. Комиссия мәліметінше, төртінші рет сайлауға түскен президент Эво Моралес 47 пайыздан астам дауыс алған, ал оның басты қарсыласы, бұрынғы журналист Карлос Месаға берілген дауыс 36 пайыздан асқан.
10 пайыз айырма Моралесті бірінші турда жеңімпаз деп жариялауға мүмкіндік беретін еді. Алайда Меса сайлау нәтижелерін мойындамады. Ол сайлау заңының жаппай бұзылғанын алға тартып, екінші тур өткізуді талап ету үшін жақтастарын көшеге шақырды. Боливияның бірнеше қаласында полициямен қақтығыс болып, кем дегенде үш адам қаза болды.