21 қар, 2020 сағат 16:28

Болгарияда Абай мен әл-Фарабидің құрметіне мерейтойлық пошта маркалары шығарылды

Болгария Халық жиналысының ғимаратында Әбу Наср әл-Фарабидің 1150-жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған марканы шығарудың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Пошталық марканы шығару жобасы Қазақстанның Софиядағы Елшілігінің бастамасымен «Болгария поштасы» ақционерлік қоғамы жүзеге асырды. 

Іс-шараға Қазақстанның Софиядағы Елшілігінің өкілдерімен қатар Халық жиналысының төрайымы Цвета Караянчева, «Қазақстанмен достық үшін» парламентік тобының төрайымы Даниэла Дариткова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Милен Люцканов, Көлік министрінің орынбасары (пошта саласына жауапты) Андреана Атанасова , «Болгария поштасы» ақционерлік қоғамының Бас директоры Деян Дынешки, сондай-ақ әр түрлі саяси партиялардан парламент депутаттары қатысты. 

Ц. Караянчева өз сөзінде Қазақстан мен Болгария арасындағы қатынастардың жақсы дамып келе жатқанын атап өтіп, іс-шара екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір мүмкіндігі болғанын хабарлады. Сонымен бірге, ол Елшілігіккее аталған ұлы тұлғалармен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

Жалпы, өткізілген іс-шара болгар аудиториясын Қазақстан халқының мәдени мұрасы мен рухани байлығымен таныстыруға жақсы мүмкіндік ұсынды. 

Сонымен қатар, іс-шара аясында философия ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жақыпбек Алтаевтың болгар тіліне аударылған әл-Фараби туралы жаңадан шыққан кітаптың тұсаукесері өтті. 

Соңында Қазақстан Республикасының Елшісі қонақтарғ аталған жаңа кітап пен Абайдың «Қара сөздер» болгар тіліндегі басылымын, және «Құнанбай» фильмімен (болгар тілінде) DVD табыстады.