Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы
Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен Болат Назарбаевпен үлестес Қордай ауданындағы базардың жерлері мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2004 жылы Қордай ауданы әкімдігінің және Қордай ауылдық округі әкімінің актілерімен Б.Н. Назарбаевқа тиесілі «Қарасай БН-Тараз» ЖШС-ға «Барыс-2» сауда кешеніне қызмет көрсету үшін ауданы 34,3017 га учаске берілді.
Учаскені беру кезінде оның тәртібі бұзылған, атап айтқанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы ерекше қорғалуға жататын ауданы 22,25 га суармалы егістік жерлердің бір бөлігі базарға қызмет көрсету үшін берілген», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы сотқа аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің актілерін, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және күшін жою туралы талап қойған.
«Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен «Қарасай БН-Тараз» ЖШС-мен Қордай ауданы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімі арасындағы 24.07.2007 жылғы №81 және №82 жер учаскелерін сатып алу-сату, жер учаскелерін өтеусіз беру туралы «Қордай Инвест» ЖШС-ның барлық шарттары жарамсыз деп танылып, күштері жойылды.
Сот қаулысы өткен жылдың 28 желтоқсанында заңды күшіне енді, жер учаскелеріне мемлекеттік актілердің күші жойылды», - делінген ведомство хабарламасында.