31 нау, 2023 сағат 09:54

Болат Назарбаев автобазарынан айырылуы мүмкін - БАҚ

сурет ашық дереккөзден алынды

Болат Назарбаев "Барыс" автобазарынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы "Пятый регион" хабарлады, - деп жазады Tengrinews.kz.

Басылымның мәліметінше, Қарасай ауданының сотында прокуратура, жергілікті әкімдік және Болат Назарбаев арасында сот процесі жүріп жатыр.

"Қарасай ауданының прокуратурасы жалпы көлемі 35 гектардан асатын жер телімдерін сату келісім-шарттарын жарамсыз деп тануын талап етеді. Оның себебі қарапайым: бұл учаскелер ауыл шаруашылығы жерлеріне тиесілі "суармалы егістік" болған, ал Жер кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығы жерлері ерекше қорғауға жатады. Белгіленген мақсатты дәлелді себепсіз өзгертуге жол берілмейді", - деп жазады "Пятый регион".

БАҚ жерді беру дерегі өрескел заңбұзушылықпен жүргізілгенін баса айтады. Сондықтан прокурорлар сатып алу-сату келісімдерін жарамсыз деп танып, мемлекет балансына қайтаруды талап еткен.

2004-2019 жылдар аралығында жер телімдерін сату бойынша 7 келісім-шарт жасалған. Мемлекеттік жерлерді әр уақытта Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы әкімдігі және аудандық жер қатынастары бөлімі берген.