21 қаң, 2020 сағат 09:50

«Болашақ» түлегі Президенттік кадрлық резервке не үшін қатысқанын айтты

Президенттік кадрлық резервке енген жастардың бірі – қарағандылық Ұлыбек Қиманов. «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып келген азамат ҚазАқпарат тілшісіне не үшін кадрлық резервке өтінім бергенін әңгімелеп берді.

Жасы отыздан асқан Ұлыбек Қиманов осыдан он жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Аризон мемлекеттік университетін қалалық жобалау бойынша бакалаврын бітірген. Осыдан кейін білімін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде құрылыс саласы бойынша магистрлік білім алған. 2013-2016 жылдары Назарбаев Университетінде жобаларды басқару кеңсесінде еңбек етсе, одан соң «Talan Towers» компаниясында құрылыс алаңдарын басқарған. Тағы екі жыл «Каскад» бизнес-орталығында басшылық қызметте болған. Елордадағы Мәңгілік ел қақпасы, Ботаникалық бақ жобаларын жасауда атсалысқан.

 

«Президенттік кадрлық резервке өткеннен кейін облыстардан біршама ұсыныс түсіп жатыр. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Қарағанды облыстарындағы әкімдіктің құрылымдарынан жұмыс ұсынылды. Мамандығыма сай құрылыс басқармасына, кей өңірдің ішкі саясат басқармасына шақырылдым. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ұлттық банктен бір ұсыныстан келді. Жақында «Астана ЛРТ» компаниясының басшысымен кездестім. Ұлттық банк басшысымен де кездесуді күтіп жүрмін. Қалған ұсыныстар бойынша ойланып көрсем деймін. Әр ұсыныстың мен үшін маңызы зор», - дейді ол.

Ұлыбек Қиманов түпкілікті шешім қабылдау үшін ойланып жүргенін айтады.

«Президенттік кадрлық резерв туралы алғаш ақпаратты естіген кезде Мемлекет басшысының идеясы бірден көңілімнен шығып, көп ойланбай тапсырып көруді жөн деп шештім. Егер салалық жобаларға атсалысуға мүмкіндік туып жатса, мемлекетке пайдалы бола алсам, онда әлбетте, бұл жолда қызмет еткім келеді. Себебі, қазір жеке секторда еңбек етемін. 10 жылдық тәжірибемді, білім-білігімді мемлекеттік жобаларға жұмсай аламын. Сол себепті, мемлекеттік қызметте еңбек етуге ниеттімін», - деді Ұлыбек Қиманов.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізген болатын. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына үндеу жолдады.