ҚР Білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Шетелде мамандар даярлау бойынша республикалық комиссия отырысының шешімі бойынша 188 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Стипендия иегері атанғандар шетелдік жоғарғы оқу орындарында магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім алады. Сондай-ақ, әлемдік ғылыми және өндірістік орталықтарға тағылымдама бойынша да жіберілетін болады», - делінген ведомствоның Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратта.
Бұған дейін, 188 қазақстандыққа «Болашақ» стипендиясы тағайындалғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.
Айта кетсек, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама мақсаты - елдің экономикасының басым секторлары үшін кадрларды және мамандарды даярлау. Бағдарлама жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесін алуды, сонымен қатар әлемнің жетекші компанияларында және университеттерінде ғылыми және туынды тағылымдамалардан өтуді қосады.