28 мау, 2018 сағат 16:45

«Болашақ» стипендиясы қанша адамға берілді?

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» атты биылғы Жолдауында адам капиталын дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Осы орайда біз «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз қажет», - деді Г.Әбдіқалықова.

Отырыс барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің есебі тыңдалды. Комиссия мүшелері 76 адамға «Болашақ» стипендиясын тағайындауды ұйғарды. Олардың барлығы әлемнің үздік университеттерінде магистратура мен докторантура бойынша білім алып, кәсіби тағылымдамадан өтетін болады. Бұдан бөлек, отырыста стипендиядан айырылғандардың мәселесі қаралды.

Айта кетейік, алдағы бес жылда «Болашақ» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, квоталық категорияларды алып тастау жоспарланған. Бұдан бөлек, нақты мамандықтарға басымдық берілетін болады.