11 қар, 2022 сағат 21:38

Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы 2-орын алды


Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы медаль саны жөнінен екінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық қыздар 3 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлдемен марапатталды.

Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) және Карина Ибрагимова (57 кг) алтын алса, Гүлсая Ержан (81 кг) күміспен күптелді.

Сондай-ақ Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мәдина Нұршаева (66 кг), Дариға Шәкімова (70 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) қола медальді қанағат тұтты.

Медальдар жөнінен Үндістан қыздары көш бастаса, жапониялықтар үздік үштікті түйіндеді.

Әйелдер арасында 2022 жылғы Азия чемпионатының медальдар есебі:

1. Үндістан — 4-1-2

2. Қазақстан — 3-1-5

3. Жапония — 1-4-0

4. Оңтүстік Корея — 1-1-4

5. Өзбекстан — 1-1-1

6. Тайвань — 1-0-2

7. Вьетнам — 1-0-1

8. Таиланд — 0-2-1

9. Моңғолия — 0-1-4

10. Иордания — 0-1-1

11. Филиппин — 0-0-2.

Медаль бәсекесі ертең ерлер арасында өтетін финалдық жекпе-жектерде де қыза түседі. Мұнда қазақстандықтардың негізгі қарсыластары өзбекстандықтар болмақ. Финалға Қазақстаннан тоғыз, Өзбекстаннан жеті боксшы жолдама алса, солардың бесеуі өзара мықтыны анықтайды.