20 қыр, 2019 сағат 17:24

Бокстан ӘЧ: Василий Левит қола медальді қанағат тұтты

Бүгін Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші қола медаль түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

91 келі салмақта ел намысын қорғаған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері қазақстандық Василий Левит қола медаль иегері атанды.

Ол жартылай финалда эквадорлық Хулио Кастильоны бұрыштан-бұрышқа қуалап, ауыр соққылардың астына алды. Жекпе-жек аяқталғанда жерлесіміз өзінің жеңісіне сенімді болды. Алайда, күтпеген жерден төрешілер жеңісті 2:3 есебімен қарсыласының қолын көтерді.

Осылайша үшінші қазақстандық боксшы әлем чемпионатын қола медальмен аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов пен 75 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет қола медаль жеңіп алған болатын.

Жалпы, бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына 6 боксшымыз шыққан. Енді кешкі сессияда Абылайхан Жүсіпов (69) Ресей құрамасының капитаны Андрей Замковпен жекпе-жекке шықса, Бекзат Нұрдәулетов (81) төрт дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен жұдырықтасады. Сондай-ақ, жарыс күнінің соңында Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден аса) аустралиялық Юстис Хунимен финалдық айқасқа түседі.