Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қаза болған полицейлерді марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.
"Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін ішкі істер министрлігі Алматы қаласының полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, ішкі істер министрлігі Алматы қаласының полиция департаменті патрульдік полиция полкінің полицейі Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталсын", - делінген президент жарлығында.
Жарлық 2020 жылдың 26 мамырынан бастап күшіне енді.
Алматы блок бекетіндегі оқиға
25 мамырда Көксай шағын ауданындағы Жаңа ғасыр мен Қожабеков көшелерінің қиылысындағы №4 блок бекетте BMW автокөлігінің жүргізушісі алдымен қоршауға, содан кейін екі полицей отырған патрульдік көлікке соғылды.
42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза болды. Ал 26 жастағы екінші полицей Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан көз жұмды. Оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір полиция қызметкері ауруханада ауыр халде жатыр.
Кінәлі азаматтың ішімдік ішкені расталды. Ол бұрын ішкі істер органдарында 6 жыл қызмет еткен Алатау ауданының тұрғыны болып шықты.
Екі және одан да көп адам өлтіру фактісі бойынша 1992 жылы туған ер адамға қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады).