29 қаз, 2024 сағат 15:18

Блогерлер тоғыз айда 1,2 млрд теңге салық төледі

Фото: Pexels.com

Елімізде ресми түрде 745 блогер тіркелген. Олар осы жылыдң 9 айында мемлекетке 1,2 млрд теңгеден астам салық төледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform ХАА.

«Қазақстан Республикасының «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңының ережелеріне сәйкес инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформада басқа да тұлғаларға ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы. Бүгінгі таңда Республика бойынша 745 блогер (тізім әлеуметтік желілерде – Instagram, Youtube, TikTok-та 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалардан құрылған) бар. Салық кодексіне сәйкес, блогерлердің, оның ішінде жарнама беруден немесе ақпараттық өнімдерді жылжытудан түсетін табыстарға салық салынады», - деп атап өтеді комитеттен агенттіктің ресми сауалына орай.


Ведомство мәліметінше, егер блогер жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланса немесе оның жылдық табысының мөлшері 12 ең төменгі жалақыдан асса (2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы - 85 000 теңге, бұл 1 020 000 теңгені құрайды) жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

«Жалпы, отандық блогерлердің көпшілігі қазірдің өзінде кәсіпкер саналады және қолданылатын салық режиміне байланысты тиісті салықтарды төлейді. Мәселен, соңғы 9 айда олар 1 млрд 226 млн теңгеден астам сомаға салық төледі», - деді комитеттен.