06 ақп, 2021 сағат 12:40

Блинкен Қытайдан Шыңжаңда адам құқықтарын сақтауды талап ететінін мәлімдеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Вашингтон, 27 қаңтар, 2021 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайдың жоғары шенді дипломаты Ян Цзечимен әңгімесінде Америка Құрама Штаттары Шыңжаңда, Тибет пен Гонконгта адам құқықтары мен демократиялық құндылықтардың сақталуын талап етеді деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, 5 ақпанда телефонмен болған сұхбатта Блинкен Шыңжаңдағы мұсылман халықтарын, тибеттіктерді және Гонконгта демократия үшін күресіп жатқандарды қудалау мәселесін көтерген. Джо Байден президент қызметіне кіріскелі екі елдің сыртқы істер мекемелерінің жоғары шенді басшылары алғаш рет телефонмен тілдесті.

Twitter-дегі хабарламасында Блинкен "АҚШ ұлттық мүддесін қорғап, демократиялық құндылықтарды жақтайтынын, халықаралық жүйені өзіне пайдаланғаны үшін Пекинді жауапқа шақыратынын" айтқан.

Бұған қоса Блинкен Қытайды халықаралық қауымдастыққа қосылып, Мьянмадағы әскери төңкерісті сынға алуға шақырды және Үнді-Тынық мұхит алабында, соның ішінде Тайвань бұғазында тұрақтылыққа қатер төндіретін әрекеттері үшін Қытайды жауапқа тарту жолында одақтастарымен әріптестік орнататынын мәлімдеді.

4 ақпанда сыртқы мәселелер бойынша сөз сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден Құрама Штаттар Қытайға "қарсы тұрғанымен", "Американың мүддесі үшін қажет болған жағдайда Пекинмен жұмыс істеуге дайын екенін" айтты.

Азаттық