14 мам, 2021 сағат 16:35

БҚО тұрғыны жиһаз жасап беремін деп 17 адамды алдаған


Орал қаласының тұрғыны жиһаз жасап беремін деп 17 тұрғынды алдап кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 25 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жәбірленушілердің бірі, 24 жастағы әйел жиһаз жасатпақ болып, Оралдағы жиһаз құрастырушылардың біріне жүгінген. Күдікті оның сеніміне кіру арқылы 260 мыңнан астам теңгесін иемденіп кеткен.

«Күдіктінің тұрақты жұмысы жоқ, осындай жолмен пайда тауып келген. Барлығы 17 тұрғынды алдап, ақшасын жымқырған. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген залал көлемі анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.