БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюповқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, апелляциялық сот алқасы Б.Каюпов және пара алуда делдалдық жасаған Серік Тұралиев пен Айдос Себеповке қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша Б.Каюпов пен оның қорғаушыларының апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмады.
Сот алқасы сотталушылардың әрекеттері бірінші саты сотымен дұрыс сараланған деп тапты.
Тараптарға істі кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінім немесе наразылықты ҚР Жоғарғы сотына ҚПК-нің 487-бабына сәйкес беруге болатыны жөнінде түсіндірілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы 7,8 млн теңге пара алғаны үшін сотталғанын жазған болатынбыз.