27 қаз, 2020 сағат 15:51

БҚО-да жаназаға барған ауыл мұғалімінен коронавирус табылды

Батыс Қазақстан облысында садақаға барған ауыл мұғалімінен коронавирус табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Ақжайық ауданы Бударин ауылында болды.

Бударин мектеп-бөбекжай кешенінің мұғалімі холецистит ауруымен дәрігерге жүгінген кезде оның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Содан кейін мұғалім жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. 

Ол осының алдында Ақтөбе қаласына садақаға барып келген.

Үйінде және мектепте мұғаліммен қарым-қатынаста болғандардан алынған сынама теріс нәтиже, яғни коронавирустың жоқтығын көрсетті.

Аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 9-11 сынып оқушылары қашықтан оқытуға, үй карантиніне ауыстырылған.

Мектепте қорытынды дезинфекция шаралары жүргізілді. 

Облыста осы кезге дейін 6975 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болып, соның 6800-і жазылып шықты. Соның ішінде Орал қаласында – дертке шалдыққан 3813, Ақжайық ауданында – 345, Бөкей ордасында – 76, Бөрліде – 752, Жаңақалада – 140, Жәнібекте – 202, Бәйтеректе – 543, Қазталовта – 233, Қаратөбеде – 73, Сырымда – 239, Тасқалада – 101, Теректіде – 326, Шыңғырлауда 132 адам тіркелді.

Індеттен 117 адам көз жұмды.