01 қаз, 2021 сағат 21:35

БҚО-да пара алған полиция қызметкеріне 4 млн теңге айыппұл салынды


Шыңғырлау аудандық сотында бұрынғы полиция қызметкері Мирлан Ақнұровқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, М.Ақнұров ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, параның 50 еселенген мөлшерінде 3 млн 950 мың теңге айыппұл салынды. 

Айыппұл сот үкімі күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төленуі керек.

Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте және басқа органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, полиция капитаны шенімен де қоштасты. 

Сот талқысында мәлім болғанындай, Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінде аға мемлекеттік автоинспектор қызметін атқарып жүрген М.Ақнұров биылғы мамыр айында Шыңғырлау ауылында үш қабатты көппәтерлік үйдің салына бастағанын, оған құрылыс материалдары жеткізіліп жатқанын біледі. 

Содан кейін қызмет бабын пайдалана отырып, өз үйін тұрғызу үшін мердігер ұйым өкілдерінен құрылыс материалдарын пара ретінде алмақ болып, жоспар құрады. Сол мақсатта аталған нысанға кетіп бара жатқан арнайы көліктерді тоқтатып, хаттама толтырады. Сөйтіп кәсіпкерлік өкілдеріне қысым жасап, өзіне көмекке жүгінуге мәжбүрлейді. 

М.Ақнұров 18 мамыр күні Ақсай қаласынан 16 тонна каток әкеле жатқан жүргізушіге хаттама толтырып, оны түске дейін ұстайды. Сол күні ол жүргізушіге көмекке келген «Орал құрылыс» ЖШС өкілі Э.Шариповпен танысады.

23 мамыр күні Шариповпен кездесу барысында қиыршық тас-құм қоспасы және басқа құрылыс материалдары тиелген әрбір алтыншы рейстің өз үйі салынып жатқан жер теліміне жеткізілуі керектігін айтады. Келесі күні Шарипов оның талабын орындап, құны 6 мың теңге 20 тонна қиыршық тас-құм қоспасын полиция қызметкерінің ауласына түсіреді. 

Э.Шарипов М.Ақнұровтың талаптарының заңсыз екендігін түсініп, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген. 

Содан кейін М.Ақнұров құны 73 мың теңге тұратын 2 тонна цементті жеткізуді талап етіп, оны да алады. Осылайша ол жалпы құны 79 мың теңге тұратын құрылыс материалдарына қол жеткізген. 

Сот үкімі күшіне енген жоқ.