28 мам, 2021 сағат 14:11

БҚО-да өгей әкенің азғындық әрекетін жасырған мектеп директорына үкім шықты


Жаңақала аудандық сотының үкімімен Лариса Қожахметова аса ауыр қылмысты хабарламағаны үшін ҚР ҚК 434-бабына сәйкес айыпты деп танылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жаңақала аудандық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Л.Қожахметоваға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.

Сотта анықталғанындай, 2019 жылғы наурызда Жаңақала ауданы мектеп-гимназиясының директоры Л.Қожахметова мектеп психологтары мен 5 сынып оқушысынан қыз балаға қатысты өгей әкесінің сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер жасағандығын білген.

Содан кейін Л.Қожахметова өз кабинетінде мектеп қызметкерлерін жинап, жиын өткізген. Сол жиында Қожахметова оқиғаны құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салған, сондай-ақ оқушының шешесінен қызын басқа мектепке ауыстыруды талап еткен.

Л.Қожахметованың қылмыстық әрекетсіздігі салдарынан қыз балаға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер өгей әкесімен екі мәрте жасалған.

Сотталушының кінәсі куәлардың беттестіру, жүргізу хаттамаларымен дәлелденеді. 

Осыған дейін заңды күшіне енген сот үкімімен қыз баланың өгей әкесі сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер жасағаны үшін 22 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Прокурор Л.Қожахметоваға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Л.Қожахметова кінәсін мойындаған жоқ.

Қылмыстық кодекстің 434-бабының санкциясымен айыппұл (6 мың АЕК-ке дейін), түзеу жұмыстары, 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығын айыру жазасы көзделген. Заң бойынша, егер қылмыс үшін жазаның бірнеше түрі көзделген болса, сот алдымен жазаның жеңіл түрін тағайындау мүмкіндігін қарауы тиіс. Бұл жаза түрін тағайындауға негіз болмаған жағдайда ғана неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады.

Л.Қожахметованың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеріп, сотта ең қатаң жаза тағайындауға негіз болған жоқ.