Батыс Қазақстан облысында жәбірленушілерге 7 млн-нан астам теңге залал келтірген баукеспе ұры ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 31 жастағы ұры 2019-2021 жылдар аралығында 37 ұрлық жасаған.
Күдікті жеке үйлерден, салынып жатқан нысандардан, гараждардан құрылыс құралдарын, алтын бұйымдар, ақша жымқырған. Оның ұрлықты түнгі уақытта жасағаны анықталды. Құрылыс заттарын базарға апарып, сатса, алтын бұйымдарды ломбардқа өткізген, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Қазіргі кезде келтірілген шығын 7 млн теңгеден асып отыр, оның 65 пайыздан астамы өндірілген.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігіне (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 128-бабы тәртібімен уақытша оқшаулау изоляторына қамалды», деп хабарлады ведомстводан.