18 ақп, 2022 сағат 13:14

Бизнестің дамуына шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі – Смайылов


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттарды атап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезіне қатысты. 

«Бүгінгі таңда бизнестің дамуына реттеуші жүйе және шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі болып отыр. Бизнеске түсетін жүктемені азайту үшін жақында кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заң қабылданды. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтану, тұру және тамақтану сияқты салалар бойынша реттеуші актілер мен бизнеске қойылатын талаптарды талдау бойынша жұмысты бастады», - деді съезде Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты реттеуші актілері жеңілдей түседі. 

«Бүгінде 424 нормативтік-құқықтық акт қаралды. Онда 17,5 мыңға жуық талап белгіленген, оның 40% - дан астамы артық және тиісінше жойылуы тиіс. Сондай-ақ, басқа салалар бойынша да талаптарға ревизия жүргізіледі. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың реттеуші актілері оңтайландырылады», - дейді ол.