22 жел, 2018 сағат 16:16

Бизнесті жеңілдететін цифрлық көмекшінің мүмкіндіктері таныстырылды

Алматы қаласында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жасалған ашық цифрлық платформаның көрсетілімі ұйымдастырылды. «SmArt Point» коворкингінде өткен кездесуге алматылық бизнес қауымдастық пен ismet.kz платформасының әзірлеушілері қатысты.

Ismet.kz – бұл «Қазақтелеком» АҚ және Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің бірлесіп жасаған ашық цифрлық платформасы. Кездесудің басты мақсаты кәсіпкерлерге ismet.kz-тің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын жеткізу.

Басқосуға келген бизнес қауымдастықтың мүшелері платформаның қызметтері мен ерекшеліктерін толықтай біле алды. Оның ерекшелігі – сапалы мамандар көп кездесе бермейтін уақытта әрбір кәсіпкерге жөн сілтей алуында болып отыр. Жарнама жасауға жәрдемдесіп, бизнесіңізге қажетті қызметтерді алудың орнын алмастырады. Нәтижесінде, тосыннан туындайтын кедергілер орын алмай, кәсібіңіз дами түседі.

Алматыдағы цифрлық платформаның көрсетілімінде бизнесті қалай жүргізу керек, тауарды қалай сатқан дұрыс, тиімді шешімді қалай қабылдауға болады деген сынды сұрақтар қозғалды. «Қазақтелеком» АҚ АКТ қызметтер жөніндегі басқарушы директоры Бикеш Құрманғалиева цифрландырудың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін айта отырып, ismet.kz-тің әлеуетін тілге тиек етті.

Ал EasyPay, «Подпиши.Онлайн» цифрлық сервистерінің негізін салушы Олжас Құндақбаев болса, кәсіпкерлерге ismet.kz арқылы қызметтерді ұсынудың тиімділігін жеткізді. Бұл ең алдымен клиенттік базасын арттыру, кәсіптің саласына байланысты бағытталған жарнамалау, алғашқы қызметтерді ұсынатын компаниялардың арасында болудың маңызын хабарлады.

Олжас Құндақбаевтан басқа, «eSALYQ» жобасының және «Бірінші кредиттік бюро» ұйымының өкілдері өз қызметтерін таныстырған болатын.

Кездесу барысында сұрақ-жауап айдары болып, кәсіпкерлер спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алды. Қатысушылар  цифрлық платформаға қызығушылықтарын білдіріп, сайттағы өздерінің парақшаларын құрып тіркелген болатын. «Қазақтелеком» АҚ-ның ұйымдастырушылары кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, қызмет түрлерінің артатының хабарлады.

Айта кететін жайт, егер сізді қызықтыратын қызмет түрі ismet.kz-те табылмаса, онда сіз бұл туралы сайтқа кіріп, жазуға мүмкіндігіңіз бар. Ешбір ұсыныс жерге тасталмайды. Сол себепті мықты шағын және орта бизнесті бірге құрайық!