08 қар, 2024 сағат 12:25

Бізге сыртқы және ішкі қарыздардың қатаң ашықтығын және бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет — Аймағамбетов

Фото: Egemen.kz

Депутат Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы тағы бірнеше мәселемен байланысты: мемлекеттік қарыз, әртүрлі қорлардың «екінші бюджет» ретінде пайда болуы, тиімсіз бюджетаралық қарым-қатынастар және бюджеттік тәртіптің әлсіздігі. Бұл туралы ол Telegram арнасында жазды.

Аймағамбетов мемлекеттік қарыз және оны қоғам тарапынан бақылау мәселесі әлі де шешілмей жатқанына назар аударды. Айтуынша, бізге сыртқы және ішкі қарыздардың қатаң ашықтығын және бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет. Қарыздың әрі қарай өсуі бізді бюджет дағдарысына әкелуі мүмкін. Кодекс жобасында біздің түзетулерге қарамастан, бұл мәселе жүйелі түрде шешілмей тұр.

Осыдан кейін ол қай салалардағы қарыздар шұғыл шешімді қажет ететініне тоқталды:

Квазимемлекеттік қарыздар

Квазимемлекеттік құрылымдар көбінесе парламенттік және қоғамдық бақылаусыз ірі көлемде қарыз алады. Бұл жағдай мемлекеттік органдарға осындай қарыздарды Парламентпен келісусіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін лазейкаға айналды. Жаңа Бюджет кодексі бұл лазейкаларды толық жаппайды және мұндай бақылаусыз қарыздарды шектемейді. Үкімет қарыздың қауіпсіз деңгейі туралы мәлімдемелермен тыныштандыруға тырысуда, бірақ бұл жағдай одан да үлкен алаңдаушылық тудырады.

«Екінші бюджет» және бюджеттен тыс құрылған қорлар

«Екінші бюджет» ретінде жұмыс істейтін әртүрлі қорлар Парламенттің және тіпті Жоғарғы аудит палатасының жалпы қаржылық бақылауынан тыс қызмет етеді. Қаржылық жоспарлаудың біртұтастығын қалпына келтіру үшін олар жалпы стратегияның бір бөлігі болып, Парламентке есеп беруге міндетті болуы керек. Бюджет бірыңғай болуы тиіс, ал бұл мәселеге қатысты біздің түзетулеріміз әлі де талқылау кезеңінде.

Самұрық-Қазынадан дивидендтерді бюджетке аудару мәселесі

Самұрық-Қазынадан бюджетке дивидендтер аудару мәселесі де әлі шешілген жоқ. Дивидендтер бюджетке түсіп, қажет болған жағдайда Самұрық-Қазына компанияларының инфрақұрылымдық жобаларын қайта инвестициялауға бағытталуы тиіс.

Депутат барлық қаражат бюджет арқылы өтуі керек дейді.

"Қазіргі таңда, жүздеген миллиард, тіпті триллионға жуық қаражат бюджеттен тыс қалып отыр деуге болады. Бұл қаражаттың бір бөлігі үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға және басқа да әлеуметтік бағыттарға жұмсалады, алайда бұл қаражаттың жұмсалуы ашық емес, бюджеттің жалпы мақсаттарымен байланысты емес және қоғамдық әрі бюджеттік бақылаудан тыс өтеді. Бұл жерде де нақты шаралар қажет", - деп жазды ол.