28 сәу, 2022 сағат 12:07

Біздің зертханалар өз қызметінде шет елдерге есеп бермейді – Күрішбаев


Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев шетелдік саясаткерлердің қазақстандық биозертханаларда әскери-биологиялық қызмет жүргізіліп жатыр деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, BSL-3 деңгейіндегі биологиялық зертханаларымыздың жұмысы туралы түсіндіре кеткім келеді. Біріншіден, олар екінші және үшінші топтағы аса қауіпті патоген микроорганизмдерге қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттарды әзірлеумен айналысады. Яғни, өлім-жітім деңгейі жоғары бірінші топтағы аса қауіпті вирустар мұнда ерекшеленбейді", - деді Күрішбаев Сенатта "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобасын талқылау барысында.

Сенатор бұл зертханалар Қазақстанға тиесілі екенін және өзекті экономикалық проблемаларды шешу үшін толық республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын айтты. Ол биозертханаларға шетелдік гранттар берілмейтінін және оларда шетелдік ғалымдар жұмыс істемейтінін атап өтті.

"Басқаша айтқанда, біздің зертханалар өз қызметінде шет елдерге есеп бермейді. Үшіншіден, бұл зертханалар құпия және жабық нысандар саналмайды, олардың жұмысы ашық және кез келген уақытта халықаралық сарапшылар тексеруі мүмкін", - деп қосты Күрішбаев.

Оның айтуынша, BSL-3 ғылыми зертханаларының құрылысын қазақстандық мамандар Қазақстан Үкіметінің бақылауымен жүргізген.

"АҚШ сарапшыларын ғылымның соңғы жетістіктері мен озық тәжірибелерді ескере отырып, осы зертханалардың биологиялық қауіпсіздігіне кепілдік беру үшін ғана тарттық", - деді ол.

Ақылбек Күрішбаев Қазақстан бактериологиялық, биологиялық және уытты қаруға тыйым салу туралы конвенцияға жауапты қатысушы екенін еске салды.

"Осы саладағы бірқатар маңызды бастама еліміздің Президенті Тоқаевқа тиесілі. Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін арнайы көпжақты орган - биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Осы заң жобасында Қазақстанда бактериологиялық, биологиялық және уытты қаруды әзірлеу, өндіру және оның қорларын жинақтау мақсатында патоген биологиялық агенттермен жұмыс істеуге тыйым салынатыны тағы да айтылады.

Осыған байланысты, шетелдік саясаткерлердің Қазақстанның осы зертханалары шет мемлекеттер бақылауы бойынша әскери-биологиялық қызметпен айналыса алады деген мәлімдемесі мүлдем негізсіз екенін атап өткім келеді", - деп қорытты Күрішбаев.