14 қаз, 2019 сағат 12:47

Біздің есептеуіміз бойынша, жыл қорытындысы бойынша инфляция белгіленген дәлізде қалады - Досаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев 9 айдың қорытындысы бойынша қаржы нарығындағы ахуал тұрақты екенін баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Инфляция 4-6% таргеттелетін дәлізде қалыптасуда. Қыркүйекте жылдық инфляция 5,3%-ға дейін баяулады, алдыңғы айда ол 5,5% болды. Азық-түлік тауарларына бағаның өсуінің инфляцияда үлесі басым, ол 2017 жылдың басынан бері ең жоғары 9,1% мәніне жетті. 

Ет бағасы 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 12,7%-ға өсті. Олардың инфляцияға үлесі 1 п.т. құрады. Бұл тауарлар әлемдік бағаның және экспорт көлемінің өсуі аясында қымбаттады», — деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасы инфляцияны тежеуге ықпал етуде. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі 5,4% құрады, бұл 2015 жылғы қазаннан бері минимум болып табылады. Жылдық мәнінде бензин бағасының төмендеуі 4,8%-ды, қатты отын бойынша 3,5%-ды құрады. Бір жылда ақылы қызметтер бағасы 0,7%-ға өсті, бұл реттелетін қызметтерге тарифтердің 8,2%-ға төмендеуімен байланысты.

«Біздің есептеуіміз бойынша, жыл қорытындысы бойынша инфляция белгіленген дәлізде қалады және 5,7-5,8% деңгейде қалыптасады. Бюджеттік шығыстармен нығайтылатын тұтынушылық сұраныс негізгі проинфляциялық фактор болады», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Инфляцияның нысаналы дәлізден тыс шығу тәуекелін болдырмау үшін а.ж. 9 қыркүйекте ҚР Ұлттық банкінің базалық ставкасы 9,25%-ға дейін көтерілді және пайыздық дәлізі сақталды. Шығарылатын ноттардың мерзімдері ұзарып, көлемі азаюда. 6-12 айлық айналыс мерзімі бар ноттар мамырдың соңындағы 43%-бен салыстырғанда қыркүйектің соңында 78% болды. А.ж. мамыр-қыркүйек айларында айналыстағы ноттар көлемі 33,3%-ға 4,3 трлн теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Биылғы жылғы ақпандағы ең көп мәннен төмендеу 40%-ға жуық болды.

Қыркүйекте ішкі валюта нарығындағы жағдай мұнай нарығының қысымында болды. 16 қыркүйекте мұнай бағасы бір баррелі үшін $69-ға күрт өскеннен кейін ол 2 қазанда бір баррелі үшін $57,7-ға дейін төмендеді. 10 қазанда мұнай бағасы бір баррелі үшін $59,1 болды.

Е. Досаев атап өткендей, нәтижесінде айырбастау бағамы қыркүйектің басы – 11 қазан аралығында 1$ үшін 385,27–390,12 теңге шегінде өзгерді. Әлсіреу бұл кезеңде 0,5% болды. А.ж. 11 қазанда теңге бағамы 1$ үшін 389,51 теңге болып, жыл басынан бері 1,4%-ға әлсіреді.

«Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері а.ж. 1 қазанда алдын ала деректер бойынша $28,8 млрд болды. Жыл басынан бері олар 6,8%-ға немесе $2,1 млрд банктермен валюталық свопты өтеу және шетел валютасында клиенттердің шоттарынан шетелге әкетілу нәтижесінде төмендеді. Қыркүйекте алтынвалюта резервтері 2,1%-ға ұлғайды. Оған Үкіметтің еурооблигацияларды шығарудан шетел валютасының түсуі, банктердің Ұлттық Банктегі валюталық салымдарының өсуі және алтынды сатып алуы себеп болды», — деп түсіндірді Е.Досаев.

Депозиттердің көлемі тамыздың соңында 17,5 трлн теңгеге дейін 5,5%-ға төмендеп, жыл басындағы деңгейден төмен қалыптасуда. Бұл І тоқсанда банктерді қалыпқа келтіру іс-шараларымен байланысты. Сәуір-тамызда депозиттердің өсуі 1,9% немесе 327 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, шетел валютасындағы салымдарды теңгемен салымдарға ауыстыру жалғасуда. Биыл 8 айда ұлттық валютамен салымдар 3%-ға өсті. Ал валюталық депозиттер 14,5%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру деңгейі жыл басындағы 48,4%-дан а.ж. тамыз айының қорытындысы бойынша 43,8%-ға дейін төмендеді. 

Биылғы сәуір-тамызда банк секторының несие қоржыны 13,2 трлн теңгеге дейін, 6,0%-ға немесе 750,9 млрд теңгеге өсті.

«Экономиканың басым салаларын 600 млрд теңге сомаға жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асыруда банктердің белсенділігін атап өткім келеді. 11 қазандағы жағдай бойынша банктерде 236,7 млрд теңгеге 347 жоба қаралуда, 130,0 млрд теңгеге 181 жоба мақұлданды, 43,2 млрд теңгеге 118 қарыз берілді», — деді Е. Досаев.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 9 873 отбасы 113,8 млрд теңге сомаға қарыз алды. Бағдарлама бір жылда банктердің ипотекалық портфелінің 33,3%-ға 1,6 трлн теңгеге дейін өсуіне ықпал етті.

9 айдағы мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтып берді. Оның айтуынша, осы кезеңде жеңіл, жиһаз және тамақ өнеркәсібі тәрізді бағыттар бойынша, сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірлерінде құрылыс материалдары бойынша оң өсу динамикасы байқалып отыр. 1 шілдедегі жағдай бойынша көрсеткіш 2% құрады, қазір бұл сан үш ай ішінде 18%-ға ұлғайып, 20%-ға тең болды.