10 қар, 2016 сағат 07:14

Біздің еліміздегі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың құқықтық негіздері

Қазіргі таңда әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизм мен терроризм қаупі екендігі көпшілікке аян. Ғаламдық бұл қауіп-қатер қоғамға саяси, экономикалық, моралдық шығындар әкеліп, үрей тудыруда. Әсілі, терроризм қаупі XX ғасырдың 60-жылдарынан бастапкүшейе түсті. Әлемнің көптеген аймақтарында экстремистік топтар мен ұйымдар қанқұйлы терактілер жасау арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келді. Бүгінгі күні жаһанда 500-дей экстремистік ұйымдардың бар екені белгілі болып отыр.

Соңғы жылдары біздің елімізде дін атын жамылған содырлық әрекеттер орын ала бастады. Республиканың батыс және оңтүстік аймақтарында орын алған лаңкестік оқиғалардың мемлекет қауіпсіздігіне төнген қатер екендігі айтпаса да түсінікті. Мемлекет діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін ең алдымен оның құқықтық негіздерін жетілдіруі қажет. Осы тұрғыда төмендегі мәселелер өз шешімін табуы тиіс деп білеміз:

Біріншіден, діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралу жолдарына бөгет қоюды құқықтық тұрғыда нығайту қажет. Ол үшін діни экстремистік ақпарат тарататын ғаламтор сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттап, әдебиеттердің таратылмауының ұтымды жолын қарастыру керек. Қазір, арнайы құзырлы мекемелер діни нысанға 30 күн ішінде сараптама жасап, оң немесе теріс қорытынды берумен аталмыш діни ақпарат немесе әдебиеттің ел аумағында таралу мүмкіндігін анықтайды. Алайда, осы уақыт ішінде ғаламтор немесе әлеуметтік желіде тарап кеткен діни ақпарат азаматтарды теріс жолға жетелеуі әбден мүмкін. Осы себептен, күмәнді діни ақпараттардың таралуының алдын алу үшін сараптама жүргізу уақытын мейлінше қысқарту қажет. Немесе күмәнді діни ақпараттың сараптама қорытындысы шыққанға дейін аталмыш діни ақпаратқа уақытша таратылуын шектеген жөн. Сонда, елімізде діни экстремистік ақпараттың таралуының алдыналуға мүмкіндік туады.

Екіншіден, республикадағы соңғы тіркелген лаңкестік оқиғалардың орын алуының себептеріне үңілгенде терактіні ұйымдастырушы содырлардың діни ақпаратты бейресми орындардан (құжыра, пәтер) алып, теріс діни түсініктермен қаруланғандығы мәлім болды. Олай болса, лаңкестіктің алдын алу үшін экстремизмге шақыратын теріс діни (бейресми) уағыз-насихаттардың жолын кесу қажет. Осы тұрғыда ҚР Әділет министрлігінде тіркелген діни бірлестіктер мен арнайы лизенциясы бар діни қызметкерлерге ғана діни уағыз-насихат жүргізуге рұқсат берген жөн. Мысалы, ислами діни уағыз-насихат мешіт мінберінде айтылып, басқа атаулы діни іс-шаралар (мәуліт, ораза, құрбан айт, жаназа және т.б. діни рәсімдер) барысындағы уағыз-насихаттарарнайы рұқсаты бар имамдар тарапынан айтылғаны абзал.

Үшіншіден, алғашқы дін еркіндігін жариялаған тоқсаныншы жылдары қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына жол берілді. Алайда,шетелде діни білім алған базбір азаматтар елге оралған соң қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы ұстанымдарды насихаттап, халықтың рухани тұтастығына жарықшақ түсіре бастады. Қазір ел ішінде әртүрлі діни көзқарасты ұстанушы топтардың ашық және астыртын жұмыс жасап жатқандығын тағыда айтпай кетуге болмайды. Бұл теріс діни құбылыстың Қазақстан халқының бірлігін сақтауға кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті. Ал, оның алдын алу үшін діни білім алудың кешенді бағдарламасын түзу қажет. Әсіресе, шетелдерде діни білім алуды қадағалауды күшейткен жөн.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік құзырлы орындар діни білім алуға болатын шетелдік оқу орындарының тізімін бекітті. Шетелде ислами білімді Мысыр Араб Республикасындағы әл-Азһар университетінде, Түркия Республикасындағы Мармара, Анкара, Кайсери, Кония, Бурса университеттері мен Хасеки институтында, Өзбекстан Республикасындағы Ислам университеті, Татарстан Республикасындағы Ислам инситутында алуға болады. Әйтсе де, кейбір азаматтардың шетелге туристік мақсатта сапарға шығып, рұқсат етілмеген діни оқу орындарда білім алғаны белгілі болып отыр. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шетелде діни білім алу мәселесін қадағалауды әлі де күшейте түсу керек.

Төртіншіден, ҚР заңдарына сәйкес діни экстремистік және террористік іс-әрекет жасадыдеп айыпталатын адамды «экстремист», «террорист» ретінде танудыңқұқықтық критерийлерін жетілдірген абзал. Діни дүрдараздықты тудырып, Мемлекеттің конституциялық құрлысы мен адам өміріне қауіп төндіретін іс-әрекеттермен қатар, қазақстандықтардың тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрін діни үкімдермен қаралайтын (харам, бидға, ширк, куфр) амалдарды да экстремистік деп тануымыз керек. Қазір, деструктивті діни бағытты ұстанушы азаматтардың «салт-дәстүрді ұстану бидға», «келіннің сәлем салуы ширк», «зиярат жасау куфр» деп қарастыруы және т.б. жағымсыз әрекеттері ел ішін алатайдай бүлдіруді көздейді. Түптің түбінде бұл теріс әрекеттердің Қазақстан халқының бірлігі мен татулығынасына қағатынытүсінікті. Мұндай келеңсіз жайттарды алдын алу үшін қазақ халқының дәстүрлі ханафи мәзһабына сай қалыптасқан салт-дәстүрін терістейтін діни үкімдерге «экстремистік» деген анықтама берген жөн.

Бесіншіден, діни экстремизм мен терроризм қылмысымен айыпталушылардың жазасын ауырлату, діни лаңкестіктің алдын алудың құқықтық амалдарының бірі саналады. 2011 жылдары орын алған лаңкестік оқиғалардың қайталану себебі - қылмыс жазасының жеңіл болуында.Жалпы, қоғамға үрей туғызып, халықтың өміріне қауіп-қатер төндіретін лаңкестіктің алдын алу үшін қылмыскердің жазасын қандай деңгейде болуын қарастыру демократиялық құндылықтарға қайшы саналмайды. Десе де, террорлыққылмысқа ауыр жаза қолдану адамдарға тән азабын шектіру мақсатында емес, қоғам үшін діни экстремизм мен терроризмнің жат екендігін бойға сіңіру мақсатында іске асырылуы тиіс.

ҚР Қылмыстық кодексінің терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (256-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны (257-баптың бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (258-бап), адамды кепiлге алғаны (261-бап), ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасағаны немесе оларды басып алғаны (269-бап), терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағаны (273-бап) үшін сотталған азаматтардың жазасын ауырлату шараларын қарастырған жөн.

Қазақстанда қалыпты діни ахуалды қалыптастыру үшін экстремизм мен терроризмге қарсы күрес кешенді түрде қолға алынуы тиіс. Әлбетте, оның діни, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық аспектілерімен қатар құқықтық негіздемесін жетілдіру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабына айналып отыр. Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын іске асырып, қуатты мемлекетке айналу мақсатында ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрбір шетін мәселенің дер шағында алдын алғанымыз абзал.

Ибадуллаева А.А.,

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы» РММ Исламды зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері

Ұлт порталы