10 қыр, 2019 сағат 08:43

Бізден нақты нәтиже күтілуде - Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында ҚР Президентінің «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Құжат 81 тармақтан тұрады, оның ішінде мына бағыттар бойынша: заман талабына сай тиімді мемлекет – 11 тармақ, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – 15 тармақ, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика – 27 тармақ, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі – 18 тармақ, қуатты өңірлер — қуатты ел – 10 тармақ.

«Президент өз Жолдауында негізгі бес бағыт бойынша басты міндеттерді белгілеп берді. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі ждалпыұлттық іс-шаралардың ұсынылып отырған жоспары берілген тапсырмалар негізінде дайындалды.

Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер аталған құжатты Президент мақұлдағаннан кейін бірден алға қойылған міндеттерді орындауды бастауы керек. Біз алға қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлескен жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет.

Бізден нақты нәтиже күтілуде. Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министрдің кеңсесімен бірлесіп, мақұлданған құжаттарды Мемлекет басшысының бекітуі үшін Президент әкімшілігіне шұғыл енгізуді тапсырамын», — деді А. Мамин.   

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының қабылданған жобасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа бекітуге жіберіледі.