09 қаң, 2020 сағат 07:18

Біз ұлы ойшыл Абайды әлемге лайықты деңгейде таныта алмай келеміз - Президент

Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз.

Мемлекет басшысы бүгін жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында осылай деп жазды.

«Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселелер туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал, рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», – деген сұрақ туындайды.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады» делінген Президент мақаласында.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ақынның діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға екеніне баса назар аударған.

«Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – дейді ол. Бұл ой-тұжырымға ол Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ол отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді. Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға» деп жазылған мақалада.

Президент пайымынша, елордада барлық діннің басын қосып, дәстүрлі жиын өткізіп келе жатқанымыз бен ұлы Абай ұстанымының арасында өзара үйлесімділік бар.