Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жыл басында Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауының жалғасы iспеттi. Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанды жаһандық бәсекеге қабiлеттi, дамыған мемлекет ретiнде қалыптастыру бағытында атқарылатын жұмыстардың барысын қамти отырып осы мақсатқа жету үшiн санамыздың iсiмiзден озып жүруi керек екендiгiне тоқталады.
Айта кетейiк, Нұрсұлтан Әбiшұлы тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап-ақ заманауи бағытта бiлiм берудi дамытудың ең ауқымды жобасы ретiнде «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырып, Назарбаев зияткерлiк мектептерi мен Назарбаев университетiн ашуды қолға алды. Табысты болудың басты факторы бiлiм екенiн жастарымызға терең түсiндiрiп, басымдық беретiн мәселелердiң қатарында бұл саланың әрдайым бiрiншi орында тұру керектiгiн ұғындырып келедi.
«Мәңгiлiк Ел» идеясын жүзеге асыру жолында Қазақстанның әрбiр азаматы бар ықыласымен, бiлiм-бiлiктiлiгiмен бiлек сыбана еңбек етуi тиiс. Президентiмiздiң «Болашақта өмiр сүретiн, еңбек ететiн, ел тұтқасын ұстайтын – бүгiнгi мектеп оқушылары. Оларды мұғалiмдер қалай тәрбиелесе, Қазақстанның деңгейi дәл сол дәрежеде болады» деген сөзi ұстаздарға қойылатын талаптың қаншалықты салмақты екенiн көрсетедi. Расында да, бiз ұлт болашағын, елiмiздiң келешегi жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды ұмытпауға тиiспiз. Дегенмен, ата-ана отбасының басты қазығы, дiңгегi саналатын балаға салт-дәстүрiмiзге сай ұлттық тәлiм-тәрбие беруде бiрiншi кезекте өздерi үлгi бола бiлуi қажет. Бұл – өмiр талабы.
Елбасы бағдарламалық мақаласында «Бүгiнгi жаңа атаулы ертең-ақ ескiге айналатын жүрiсi жылдам дәуiрге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсiбiн неғұрлым қиналмай, жеңiл өзгертуге қабiлеттi, аса бiлiмдар адамдар ғана табысқа жетедi» деп жеңiске жетудiң жолын көрсетiп отыр. Мiне, сондықтан да өскелең ұрпаққа оң бағыт берiп, олардың бiлiм мен ғылымға деген қызығушылықтарын оятуда ата-ана мен мұғалiмге жүктелер мiндет қашан да жауапты екенiн сезгендеймiз.
Раушан ӘЛМАХАНҚЫЗЫ,
№75 мектеп-гимназияның директоры,
Шымкент қаласы