31 нау, 2020 сағат 20:37

Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз - Мемлекет басшысы

Мұқтаж адамдарға нақты көмек көрсетіледі. Бұл туралы республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отырмыз. Бірақ, бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек», - деді Мемлекет басшысы. 

Осы орайда Президент ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытуға шақырды. 

«Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын! Біз біргеміз!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санаты кеңейтілетінін айтты. 

Сонымен қатар Президент елімізде коронавирусқа байланысты дүрбелең туғызуға жол берілмейтінін атап өтті.