27 қыр, 2019 сағат 13:52

Біз нәрестенің аман-сау дүниеге келуіне жағдай жасауымыз керек - Аружан Саин

Қазақстанда нәрестелердің туғанға дейін және аман-сау дүниеге келуіне жағдай жасауымыз керек. Мұндай пікірді ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балалалардың мүгедектігін азайту жұмысының маңызы өте зор. Бір мысал айта кетейін. Қазіргі уақытта нәрестелердің соқыр болып қалу эпидемиясы өршіп тұр. Кейде балалар шала туады. Бұл балаларда көз тамырлары қалыптасып үлгермейді. Шала туған нәрестені аман алып қалудың екі медициналық жолы бар: бірі – көзге ота шеңберінде лазерлі коррекция жасау, екіншісі – медикаментозды амал. Алғашқы тәулікте осы медициналық көмекті қабылдаса, балалардың көру қабілеті қалпына келеді. Ал мұндай медициналық көмек Алматы мен Шымкенттегі перзентхана орталығында ғана көрсетіледі. Сондай көмек беретін орталық жүйесі Нұр-Сұлтанға да енгізіліп жатыр», - деді Аружан Саин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мұндай көмекті уақтылы ала алмаған балалар өмір бойына соқыр болып қалады.

«Бұл әділ де, дұрыс та емес. Бұл өткір мәселені ата-аналар да, үкіметтік емес ұйымдар да көтерген. Қазақстанның Балалар құқығы жөніндегі уәкілі ретінде дәл осы тапсырманы алдымен орындап, барлық перзентханаларда аталмыш медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етсек дейміз. Сал ауруымен туатын балаларда да осындай мәселе бар. Біз нәрестелердің туғанға дейін және аман-сау дүниеге келуіне жағдай жасауымыз керек», - деді ол.

Аружан Саинның сөзінше, 1990 жылы Қазақстанда 100 мың халыққа шаққанда - сал ауруы диагнозы 23,5 жағдай болатын.

«Ал 2017 жылы 100 мың халыққа шаққанда церебралды паралич (ДЦП) диагнозы бар 83,5 жағдай тіркеліп отыр. Ең қорқыныштысы, бұл үрейлі статистика төмендейтін емес. Неліктен? Себебі, алдын алу жұмыстарын жүргізбейміз. Екіншіден, мұндай жағдайдың алдын алу үшін араласу элементтері бізде жоқтың қасы. Бала туар алдында немесе туған кезде, ең бастапқы кезеңде қауіпті жағдайлардың алдын алу керек», - деді ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкілі.