Биылғы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде ата-аналардың өтініштері ескерілді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Білім және ғылым министрлігіне ата-аналардың атынан тиісті өтініштер келіп түскен болатын. Соны зерттеу барысында бізге тапсырма берілген еді. Осы орайда есептеуіш құралдарға (калькулятор) рұқсат беру мәселесін қарадық. Тест тапсырушылар өзімен бірге есептеуіш құралдарды әкеле алмайды. Бірақ біз аудиторияларда әр орынға калькуляторды орналастырамыз», - деді Д. Смағұлов Орталық комуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол тестілеу уақыты ұзартылғанын жеткізді.
«Ата-аналар мен тест тапсырушылардың сұрауы бойынша тестілеу уақыты тағы 10 минутқа ұзартылды, ҰБТ уақыты 4 сағат болады», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.