ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалуы мәселелері қаралды. Мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Қаржы министрлігінің берген мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың 10 айы ішіндегі кірістердің өсу қарқыны 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жоғары. Мемлекеттік бюджеттің кірістері 14%-ға өсті, республикалық – 17%-ға және жергілікті бюджеттер – 7%-ға. Шығыстардың атқарылуы да жақсарды, МБ шығыстары – 98,7%, РБ шығыстары – 99,2% және ЖБ шығыстары – 98,4%.
«Бюджет тапшылығы іс жүзінде есепті кезең жоспарынан едәуір төмен қалыптасты: мемлекеттік бюджет бойынша – 995 млрд теңге, республикалық бюджет бойынша – 1 трлн 127 млрд теңге. Жергілікті бюджеттер бойынша 20 млрд теңге сомасында профицит қалыптасты», — деді Ә. Смайылов.
Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджетке түсетін кірістер 5 трлн 285 млрд теңге сомасында немесе есепті кезеңге арналған жоспарға 100% жиналды.
Ә. Смайыловтың айтуынша, 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда өсім 771 млрд теңгені немесе 17% құрады. Негізгі өсім қосылған құн салығы – 443 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы – 194 млрд теңге, халықаралық саудаға және сыртқы операцияларға салынатын салықтар бойынша – 105 млрд теңге қалыптасты.
«Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 74 млрд теңгеге асыра орындалды және 2 027 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда кірістер 140 млрд теңгеге өсті. Бұл негізінен салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Кірістер жоспары Маңғыстау облысын және Нұр-Сұлтан қаласын қоспағанда барлық өңірлерде асыра орындалды», — деді Ә. Смайылов.
Республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені немесе 99,2% құрады.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңгені құрады. Есепті кезеңде өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінді. Жергілікті деңгейде олар 97,3%-ға немесе 1 трлн 222 млрд теңгеге игерілді.
Қаржы министрінің айтуынша, есеп беру кезеңінде бюджет қаражатын игеру барысында туындайтын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2 779 аудиторлық іс-шара өткізілді.
«Аудиторлық іс-шаралармен 694 млрд теңге қамтылды. 194 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша 179 млрд теңге сомасына тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, есепке алу және бюджетке өтеу арқылы бұзушылықтар жойылды. Жүргізілген камералдық бақылау нәтижесінде 743 млрд теңге сомасына мемлекеттік сатып алу бойынша бұзушылықтардың алдын алу жүргізілді», — деп түсіндірді Ә. Смайылов.
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі атап өткендей, осы кезеңнің басым міндеті — бюджет қаражатын тиімді және толық игеру. Ол үшін барлық қажетті құжаттарды уақытылы әзірлеп, қабылдау қажет және 2019 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетті іске асыру үшін барлық бюджеттік рәсімдерді жүргізіп үлгеру керек.
Орталық және жергілікті органдар қараша айында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті іске асыру үшін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жоспарларын әзірлеуі тиіс. Осы жылдың қарашасынан бастап әкімшілер барлық деңгейдегі бюджет қаражаты есебінен 2020 жылға арналған мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды хабарландыруды бастауға тиіс.