03 нау, 2021 сағат 10:44

Биыл жұмыс істейтін азаматтардың 85 пайызының еңбек келісімшарты автоматтандырылады

Биыл Еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жұмыс істейтін азаматтардың 85 пайызы тіркеледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі жайында айтар болсақ, бүгінде 3,9 млн еңбек келісімшарты тіркелді. Ақпараттық жүйеге 150 мыңға жуық жұмыс беруші қосылды. Бұл барлық жұмыс істейтін азаматтардың 70 пайызын құрайды», – деді Ербол Оспанов орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, аталған іс-шаралардың арқасында жұмысқа орналасу процестерін жеңілдетуге, жұмысқа орналасуға қажетті құжаттардың сапасын арттыруға, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізуге, кадрлық іс жүргізу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік туып отыр. 

«Сонымен қатар бұл жүйе азаматтардың автоматты түрде электронды істерін қалыптастыруға және еңбек ресурстарын қажетті болжамдалуына мүмкіндік береді. Биыл біздің алдымызда еңбек келісімшарттарының кемінде 85 пайызын тіркеу міндеті тұр», - деді вице-министр.