26 мам, 2020 сағат 12:56

Биыл теміржол саласында 265 оқиға болды

Елімізде биылғы бірінші тоқсанда теміржол саласында 2 апат болды. Барлығы 265 оқиға тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, көліктік бақылау органдары осы кезеңде өз қызметін теміржол көлігінде жүзеге асыратын 25 кәсіпорынға тексеру жүргізді. Оның ішінде 1800 шақырымнан астам магистральдық, стансалық, кірме жолдарды және 409 жылжымалы құрамды тексерді. Оның барысында теміржол көлігіндегі қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілер талаптарының 37 бұзушылығы анықталды. 

Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруіне байланысты 50 жылжымалы құрамды, 6 теміржол және бағыттамалы бұрмаларды пайдалану тоқтатылды. 

«Көліктік бақылау органдары 2020 жылдың І тоқсанында 10,5 млн астам теңге айыппұл өндірді. Аумақтық көліктік бақылау органдары биыл алғашқы үш айда 250 жолаушылар пойызын жолаушыларды тасымалдау ережесі талаптарына сәйкестігін тексеріп, 156 билетсіз жолаушы және 2125 келі рәсімделмеген жүк тасымалданғаны анықталды», - деп атап өтеді министрліктен.