03 қаң, 2024 сағат 14:10

Биыл Президент тапсырмасымен әзірленген Қазақстан тарихының көптомдығы жарық көреді

Фото: Akorda.kz

Бүгінгі Фейсбуктың басты тақырыбы сұхбат болатыны сөзсіз. Елдің басты газеті «Егемен Қазақстанға» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңейтілген сұхбаты жарияланған еді. 

Ұзақ посттарды, сұхбаттарды оқуға ерінетіндер үшін сұхбаттың сүбелі тұстарын арнайы қысқартып беріп отырмын.

• Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік өкілеттілікті 7 жылмен шектеу туралы идеяны алғаш рет 15 жыл бұрын айтқан.

• Мемлекеттік қызметшілер – білімді, білікті, бастамашыл, тиянақты, тәртіпті, арлы және Әділетті Қазақстан идеясына адал азаматтар болуы шарт.

• Қасіретті Қаңтар – ықпалды қаскөй топтың экстремистер, қылмыстық топтар мен әсіре діншілдердің көмегімен мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған талпынысының салдары. Олардың мақсаты – елдің іргесін шайқап, билікті басып алу болатын.

• Қаңтар оқиғасы кезінде 3 мыңнан аса автомат, пулемет, гранатомет сияқты атыс қарулары қолды болып, экономикамызға 3 миллиард долларға жуық шығын келді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде арандап қалған 1095 азаматқа Президенттің бастамасымен рақымшылық жасалды.

• Биыл Жошы ұлысының 800-жылдығы атап өтіледі. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің терең тарихын зерделеуге бағытталған нақты қадам. Бұған қоса, Президент тапсырмасымен әзірленген Қазақстан тарихының көптомдығы жарыққа шығады.

• 2024 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

• Қазақ жерінде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы Даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтеді.

• Биыл айтулы қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдығы, Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100-жылдығы тойланады.

• АЭС салу-салмау мәселесіне қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы.

• Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер айналысады.

• Президент ұлттық бірегейлікті айшықтап, ел бірлігін нығайта түсу үшін төл жаңа жылымыз – Әз Наурыздың мазмұнын байытып, барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуді ұсынды.

Оңғар Қабденнің Facebook-тағы жазбасынан