31 қаң, 2020 сағат 15:55

Биыл мектептерді жылы дәретханамен толық қамтамасыз етуіміз керек - министр

Биыл еліміздегі барлық мектеп бейнебақылаумен және жылы дәретханамен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарын бейнебақылаумен және тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы қазір орындалып жатыр. Бірақ, десек те бүгінгі күні біраз проблама бар. Бүгінде 1 227 мектеп және 1 628 балабақша бейнебақылау жүйесімен жабдықталмаған. Ал жабдықталған балабақша мен мектептердің сапасын қарайтын болсақ, бізде біраз сұрақ бар. Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері бекіткен бұйрық бар. Сол бұйрықта барлық мәселе қарастырылған. Ол видео бақылау камералары неше күн жазу керек, ол қай жерде орналастырылуы керек, сапасы қандай болуы керек деген мәселенің барлығы жазылған. Бірақ, бүгінде өңірлер оны орындамай отыр. Бұл - балалардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты мәселе. Сондықтан, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тағы бір мәрте тапсырма берді», - деді ол.

Осы ретте министр қыркүйек айына дейін республикадағы барлық мектеп пен балабақшаны бейнебақылаумен қамтамасыз ету керектігін айтты.

«Жылы дәретханамен қамтамасыз ету мәселесі еліміздегі мектептердің үштен бірінде проблема болып тұр. Тек дала дәретханасы бар мектептердің ең көбі Түркістанда - 541, сондай-ақ, Алматыда, Алматы облысында, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында да көп. Бұл мәселені де биыл толық шешу қажет»,- деді Асхат Аймағамбетов.