13 там, 2020 сағат 10:07

Биыл қазақстандықтар көліктің қандай брендтерін көп сатып алды?

2020 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстанда ресми дилерлер 42 мыңнан астам жаңа көлік сатты. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағына сілтеме жасап хабарлайды.

«Аталған кезеңде ресми дилерлер 42 372 көлік сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13,6 пайызға жоғары. Биылғы жеті айда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 383,6 млрд теңге жұмсап, 2019 жылғы деңгейден 10 пайызға артық болды», - делінген таратылған мәліметте. 

Көлік сатып алушы 29 462 адам (69,5 пайызы) отандық зауыттардың өніміне өз таңдауын жасаған. Сонымен қатар, биылғы 7 айда сатылған 12 910 автомобиль (30,5 пайызы) импортқа тиесілі болып отыр. 

Аталған мерзімде елімізде сұранысы жоғары брендтердің арасында Lada (9717 көлік), Hyundai (8030), Toyota (5581 ), Ravon (5112 ) және KIA (3695) көліктері көш бастады. 

Мұнымен қоса, сатылымы жоғары болған ТОР-ондықта - Renault (1461 көлік), GAZ (1367), Nissan (1140), Volkswagen (1116) мен UAZ (975) бар.