27 қаз, 2020 сағат 17:06

Биыл қандастарды қабылдауға қанша квота бөлінді?

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан биыл қандастарға қанша квота бөлінгенін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға алдағы жылға оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді. Осылайша биыл 7 облысқа 1378 этникалық қазаққа өңірлік квота құрылды (2019 жылы - 2 331 адам болған)», - деді Қайрат Бодаухан «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында. 

Оның айтуынша, Ақмола облысында – 258, Павлодар облысында – 500, Шығыс Қазақстан облысында – 150, Солтүстік Қазақстан облысында – 120 және Қостанай облысында – 350 квота бөлінген. 

«Ал, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мүлдем өтінім бермеген. 2017 жылдан бастап, квота отбасы санына емес, адам санына қарай беріледі», - деді Қ. Бодаухан.