31 там, 2021 сағат 11:55

Биыл еліміздегі бірнеше әуежайдағы құрылыс жұмыстары аяқталады


Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму мнистрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. Жобада жолақтарды 300 метрге ұзарту және әуе кемелерінің қазіргі заманғы үлгілерін қабылдау үшін жарық-дыбыс жабдықтарын ауыстыру көзделген. Жеке инвестициялар есебінен Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр. Нәтижесінде, терминал алаңы 3,8 мыңнан 35 мың шаршы метрге дейін кеңейіп, өткізу қабілеті сағатына 150-ден 2000 жолаушыға дейін артады. Жаңа терминал халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Бұл мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасайды», - делінген ведомство мәліметінде. 

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жеке инвестицияларды тарта отырып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғыртып жатыр. Терминал аумағы екі еседен астам ұлғайтылып, өткізу қабілеті сағатына 100-ден 200 жолаушыға дейін жеткізіледі.

Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың соңында және келесі жылдың бірінші жартыжылдығына аяқтау жоспарланған.

Алакөл туристік орталығына көлікпен барып-қайтуды қолайлы ету мақсатында Үржардың ұшу-қону жолағын және аэровокзал ғимаратын реконструкциялау жұмыстарын биыл аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, рөлдеу жолын және перронын реконструкциялау жұмыстары басталды.

Осы жобаларды іске асыру әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жақсартып, қауіпсіздік және қызмет көрсету стандарттарын арттыруға ықпал етеді.