14 жел, 2020 сағат 10:02

Биыл елімізде 2,6 мың шақырым жол көлік қозғалысы үшін ашылды

Биыл елімізде 2 600 шақырым жол көлік қозғалысы үшін ашылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ұлан Әліпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет алдымызға 2 600 шақырым автомобиль жолын көлік қозғалысы үшін ашу тапсырмасын жүктеген болатын. Пандемия әсеріне қарамастан біз бұл көрсеткішті орындадық. Бұл Тәуелсіздік жылдары ішіндегі рекорд көрсеткіш саналады. Бұған дейін мұндай көлем орындалған емес. Осы уақытқа дейін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі сынды ауқымды құрылыс жүргізіліп, сол кезде ары кеткенде 700 шақырым жол пайдалануға берілетін», - деді ол бүгін елордада БАҚ өкілдерімен кездесу барысында. 

Оның айтуынша, құрылыс маусымы қызып тұрған кездерде жол салу жұмысына 35 мың адам, 15 мың жол-құрылыс техникасы, 81 асфальт-бетон зауыты және 79 тас уатқыш құрылғы жұмылдырылды. 

«Жыл қорытындысында біз 399 шақырым жолды пайдалануға беріп, 2 600 шақырым жолды көлік қозғалысы үшін аштық. Сонымен қатар 1 882 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Оның 1 061 шақырымында жоспарға сәйкес жұмыстарды аяқтадық», - деді Ұлан Әліпов.