ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев биыл әлеуметтік мәселелердің неліктен шиеленісіп кеткендігін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл әлеуметтік мәселердің ушығу себебі ең алдымен қазіргі уақытта дүние жүзінде орын алып жатқан бағаның өсуі сынды мәселелерге байланысты болды. Екіншіден, өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасына сәйкес 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері көбейді. Соған дұрыс құжат жиналмады, табыстар дұрыс көрсетілмеді. Соның салдарынан 79 мыңға жуық қазақстандық табыстарын дұрыс көрсетпей заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алды. Жалпы, барлығы алғысы келгенімен, олай болмайды. Атының өзі атаулы әлеуметтік көмек деп тұр. Ол әр отбасы мүшесінің табысына байланысты төленуі тиіс», - деді вице-премьер.
Сонымен қатар ол Нұр-Сұлтан қаласында орын алған кейбір жайттарға да тоқталып өтті.
«Кеше елорда тұрғындарымен кездескен кезде тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар болды. Барлығы кезекте тұрмай-ақ баспаналы болғысы келеді. Олай болмайды. Біз құқықтық мемлекетте тұрғаннан кейін барлығы заңға сәйкес болуы тиіс. Заң сәйкес баспананы кезекке байланысты алуы керек. Бірақ, кейбір отбасыларға берілген жеңілдектер бар. Сол жеңілдіктермен алуы қажет. Міне, осындай мәселелерге орай жағдайлар болды. Олардың барлығын жеке-жеке талдап, тиісті шаралар қабылдадық», - деді Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер Үкімет мүшелері осы мәселелерді халыққа жете түсіндіру мақсатында еліміздің барлық өңірлерін 2 реттен аралап, халықпен кездесулер өткізгендігін айтты.
«Көктемде 270, қазір 300-дей, жалпы 500-ден астам кездесу өткіздік. Сондағы мақсатымыз - осының барлығын түсіндіру, айту. Ең үлкен мәселенің бірі - жерлестеріміздің заңды, кейбір мемлекеттік бағдарламаларды білмеуі, қалай несие алып, жұмысқа қалай орналасу керектігін түсінбеуі, ол үшін қай жерге қарып, нендей құжат тапсыру керектігін білмеуі. Негізгі себептері осылар», - деді ол.