#
#
Бейсенбі 16/07/2020

Биыл «Абай» телеарнасы ашылады

  • 31.05.2020
  • 0
  • 285

Биыл мәдениет бағытындағы «Абай» телеарнасы ашылады. Бұл жайында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовке әлеуметтік желіде жариялаған інілік базынасында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, Талғат Теменов Facebook парақшасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның атына жазба қалдырып, онда төл телевидениемізге қатысты ойын білдірген болатын. 

Ал бүгін соңғы төрт жылда Ақпарат министрі болған, қазіргі қызметінде де осы мәселемен тікелей айналысатын Дәурен Абаев жазбаға ой қосып, халық әртісінің кей айтқан тұстарына түсініктеме беруді өзіне міндет санаған. 

«Барлық телеарнада көркемдік кеңестер бар. Олар эфирден берілетін материалды саралап, сұрыптап отырады. Әсіресе, мемлекеттік арналардың көркемдік кеңесінің талабы айрықша қатал. Әрине, жұмыс тәртібінің ерекшелігіне, уақыт тапшылығына байланысты бейнематериалда қателіктер болып тұрады. Кейде бейнетуынды сапасына қатысты сын айтылып жатады. Бірақ бұл – жекелеген жағдайлар. Үнемі қателік кетеді дегенді білдірмесе керек. Өзіңізге мәлім, кино түсіру – жанкешті еңбек пен үлкен қаржы қажет ететін ұзақ процесс. Тәуелсіздік дәуірінде бұл салаға көп көңіл бөлініп, мол қаражат құйылды. Нәтижесінде едәуір дүниелер жасалды», - деді Дәурен Абаев. 

Осы орайда ол мысалы ретінде «Орбұлақ шайқасы», «Дулати», «Кейкі Мерген», «Құстар әні», «Келінжан», «Көршілер», «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Құнанбай», «Абай», «Бекзат», «Қаламгер», «Ән аға», «Бөрі», «Арман жолында», «Абзал жан», сияқты көптеген фильмдер мен сериалдарды атап өтеді. 

«Бұл менің дәл қазір есіме түскені ғана, негізі одан да басқа жүздеген медиатуынды жасалды. Үнемі есте болатын тағы бір нәрсе – бұның бәрі шығармашылық дүниелер. Сол үшін де біреуге ұнап, екінші адамға ұнамауы заңдылық. Бірақ, бір анығы – осының барлығы да ӨЗІМІЗДІКІ. Отандық туындылар. Кезінде жылына 1-2 фильм шыққанын жетістік санасақ, қазір ондаған фильм мен сериал шығып жатқанына таң қалмаймыз. Бұған қуану керек деп санаймын. Осы ретте, мәдениет бағытындағы «Абай» телеарнасын ашуды биылға жоспарлап отырғанымызды айтқым келеді. Жазбаңызда айтылған «Сүлеймен Сұлтан» сериалы да тосыннан түсірілген туынды емес. Көп жылдар бойы бәсекенің қазанында қайнап, кәсібиліктің көрігінде қызған дүние. Сол үшін де танымал. Бұйырса, біз де ол деңгейге жетеміз, тіпті асып түсеміз деп сендіргім келеді», - деп түді Д.Абаев.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар